28 Ақпан, 2015

Экономикалық ынтымақтастық   ұйымы – Қазақстанда

678 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бәсекелестікке бейімделу жөніндегі Еуразиялық бағдарламасының басшысы Антонио Соммамен және осы ұйымның бір топ сарапшыларымен кездесті. Мемлекеттік хатшы 2015 жыл­ғы 22 қаңтарда Давос қаласында 2015-2016 жылдарға арналған ЭЫДҰ-Қазақстан арасындағы жеке ынтымақтастық туралы бағдар­ламаға қол қойылғаны екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейге жеткендігінің белгісі екенін атап өтті. «Біз – ЭЫДҰ-мен дәл осындай жеке бағдарламаға жеткен алғашқы мемлекетпіз және мұны Қазақстан Республикасының ЭЫДҰ мүшелері қатарына енуінің алғашқы қадамы деп есептейміз», деді Г.Әбдіқалықова. Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы Қазақстанның ЭЫДҰ-мен өзара белсенді қатынас құруы келешекте осы ұйым мүшелерінің деңгейі мен қалыптарына жетуі стра­тегиялық мақсат екенін айтты. Қазақстан ЭЫДҰ-ның құра­мын­дағы мемлекеттердің тәжіри­бесін, жаңа әдістері мен инновация­ларын, ноу-хауларын толық пай­далануға, ЭЫДҰ-ның сарапшылық әлеуетін еліміздегі экономикалық саясаттың дамуын сараптауға пайдаланғысы келетінін атап өтті. Өңірдегі ұйыммен тығыз ын­тымақтасқан алғашқы мемлекет ретінде Қазақстан ЭЫДҰ-ның Еуропалық одаққа мүше елдерімен қатар, Еуразиялық бәсекелестікке бейімделу бағдарламасының Орталық Азия бастамасының тең төрағасы болды. Кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік интеграция салаларындағы маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, гендерлік теңдікті күшейту мен экономика саласындағы қызметке әйелдердің толық қатысуының арқасында Қазақстанның бәсекелестік қабілетін көтеруді көздеген ЭЫДҰ-ның бастамасы жеке мәселе ретінде атап өтілді. Мемлекеттік хатшы ЭЫДҰ-ның бұл бастамасын қолдап, бағдарламаның орындалуы еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты аясындағы жоспарланған ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға әйелдердің белсенді қатысуына оң әсер ететінін айтты. Тараптар білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік салаларында гендерлік теңдікті нығайту жолындағы кедергілерді зерттеу және жою, осы мәселелер жөніндегі ұлттық статистиканы халықаралық стандарттарға келтіру барысындағы өзара бірлескен іс-қимылдың жай-күйі мен келешегін кең түрде талқылады. Кездесуге Ұлттық экономика вице-министрі М.Әбілқасымова, Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.Цой қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».